Таразда өтетін турнирде даңқты балуан Джордан Барроуз күреседі

Редактор
17.10.2023, 08:49

Жарыс қарашаның 3-не басталады

Фото ашық дереккөзден

Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының чемпионы, әлем біріншіліктерінің алты дүркін жеңімпазы Джордан Барроуз Таразда жыл сайын өтетін дәстүрлі Д.Қонаевты еске алуға арналған халықаралық турнирге қатысатын болды. Бұған дейін 79 келіде 2021-2022 жылдары әлем чемпионы атанған америкалық спортшы Жамбыл өңірінде 74 келі салмақта бағын сынамақ.

Біріккен күрес әлемінің күнтізбелік жоспарына енген турнир қараша айының 3-5 күндері аралығында жалауын желбіретеді. Аталған турнирге АҚШ балуандары да қатысқалы отыр. Олардың қатарында даңқты Д.Барроуздың болуы Д.Қонаев турнирінің статусын арттыра түсетіні сөзсіз.

Джордан Барроуз 74 келіде 2011, 2013, 2015, 2017 жылдары әлем чемпионы атанды. 2012 жылы Лондонда өз салмағында үздік шығып, Олимпиада алтынына ие болды.

Ол 2016 жылы Рио Олимпиадасында ресейлік Ануар Гедуевтен ұтылып, жүлде алу мүмкіндігінен айырылды. Ал 2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысу үшін АҚШ-тың ішкі біріншілігінде өзінің басты қарсыласы Кайл Дейкке есе жіберді.