Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Top Rank Жәнібек Әлімханұлына неліктен қаржы құймайды? Менеджер жауап берді

Редактор
22.08.2025, 11:44

Менеджердің сөзінше, чемпиондық белбеулердің өзі Әлімханұлын қарсыластар үшін тартымды ете алмай отыр

әлеуметтік желі

Белгілі бокс менеджері Зия Алиев Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша біріктірілген әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) неге әлі күнге дейін үлкен жекпе-жектерге шыға алмай жүргенін түсіндірді.

Жуырда 32 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері биыл қарашада WBC белбеуінің иегері Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 KO) біріктіру жекпе-жегін өткізгісі келетінін мәлімдеген болатын. Алайда доминикандық боксшы келіссөздерге құлық танытпай, әңгімені созбақтап келеді.

Иван Дычко (15-0, 14 KO) мен Данияр Елеусіновпен (13-0, 8 KO) жұмыс істейтін менеджер Алиев мұның себебін былайша түсіндірді:

«Мұның бәрі промоушенге байланысты. Top Rank жайлы жаман сөз айтқым келмейді - мықты компания. Бірақ неге Жәнібектің жолы болмай тұр? Жауап қарапайым: ешкім тәуекелге барғысы келмейді. Қатер көп, ал табыс аса үлкен емес. Боксшылардың бәрі табысы көбірек айқас іздейді. Бұрын мұндай қадамға негізінен жасы үлкендер баратын, қазір жас боксшылар да солай істейді», - дейді Алиев.

Менеджердің сөзінше, чемпиондық белбеулердің өзі Әлімханұлын қарсыластар үшін тартымды ете алмай отыр:

«Мәселен, сол Адаместің өзіне Түрки қомақты қаражат ұсынған. Бірақ ол да даңқты есім іздейді. Себебі жұлдыздан жеңілу аса қорқынышты емес, кейін қайта көтеріліп алуға болады. Ал аса танымалдылығы жоқ, бірақ қауіпті әрі аз табыс әкелетін чемпионнан ұтылу - мүлде басқа жағдай. Сондықтан бұл жерде Top Rank үшін Жәнібекке көлемді қаржы құйып, топ-боксшылармен рингке шығару қаншалықты тиімді деген сауал туындайды. Әзірге бұл компанияға тиімсіз болып тұр», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Әлімханұлы – Адамес айқасы 22 қарашада Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін «Чемпиондар түні» бокс кешінде ұйымдастырылады деп жоспарланған еді. Бұл шоуға тікелей Түрки әл аш-Шейх өзі жетекшілік жасаған. Алайда доминикандық боксшы келіссөздерді жалғастырудан бас тартты.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама