АҚШ тұрғыны бұған дейін Геннадий Головкиннің есімімен айғырын атаған болатын
АҚШ-та бәйгеге қатысатын тұлпарға қазақстандық белгілі теннисші Елена Рыбакинаның есімі берілді. Sports.kz-тің жазуынша, даңқты теннисші есімін алған байтал ат жарыстарына 2023 жылдан беір қатыса бастаған.
Әзірге мұхиттың арғы жағындағы танымал жүйрік екі рет ірі аламанда бақ сынап үлгерді. Оның бірінде көмбеге үшінші болып жеткен. Айта кететін жайт, «Рыбакина» бұл жүлдесі үшін 7 340 доллар көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды.
Қазақстандық спортшылардың есімін иеленген жылқылар АҚШ-та жалғыз емес. Мәселен, 2020 жылы бәйгеге қатысып жүрген бесті айғырға кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің есімі берілген еді. Бұл қылқұйрық кәсіби түрде 40 рет аламанға қатысып, 4 рет бірінші келген. Алты рет екінші орынға тұрақтаса, 5 рет үшінші орын иеленген. АҚШ-та аламандар олжа салған «Головкин» осы уақытқа дейін 94 809 доллар табыс тапқан көрінеді.