Португалия Гран-приінде күресетін Қазақстан дзюдошылары белгілі болды

Редактор
25.01.2024, 13:11

Тізімде Елдос Сметовтің есімі жоқ

Қазақстан дзюдо федерациясы

Дзюдодан Қазақстан құрамасының балуандары 26-28 қаңтар күні Португалияның Одивелаш қаласында өтетін Гран-при турнирінде белдеседі. Отандық татами шеберлері үшін жылдың алғашқы жарысы саналатын бұл додада еліміздің ерлер және әйелдер құрамасынан барлығы 18 спортшы күреседі.

Олардың арасында Ержан Еренғайыпов, Дәурен Суюкенов (60 кг), Жанарыс Рахметқали, Нұрсұлтан Зайзағалиев (66 кг), Жансай Смағұлов, Дархан Қойбағар (73 кг), Айбол Нысанәлі, Мәди Амангелді (81 кг), Айдар Арапов, Құдірет Досымов (90 кг), Ислам Бозбаев, Әділет Сапарғалиев (100 кг) сынды балуандар бар.

Сонымен бірге, әйелдер құрамасынан Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева (48 кг), Бақыт Құссақбаева (57 кг), Есмигүл Кұйылова (63 кг), Аруна Жангелдина (78 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг) татамиге шығады.

Айта кететін жайт, былтыр Португалия Гран-приінде әйелдер арасында Абиба Әбужақынова пен Ғалия Тынбаева финалға шығып, өзара алтын мен күмісті бөліскен еді. Сондай-ақ, ерлер арасында Жансай Смағұлов финалға шығып, турнирді екінші орынме аяқтады.