Әкем жалғыз өзі қара жұмыс істеп жатыр екен
Грек-рим күресінен елімізге тарихи алтын медальді сыйлаған Айдос Сұлтанғали бұған дейін баспанасы болмағанын алға тартты.
Спортшы Sport+ телеарнасына берген сұхбатында тіпті палаткада тұруға мәжбүр болғанын айтты.
«Басымызда үй жоқ, үйді сатып жіберіп, әкем үй салып жатқан. Жазда палаткада тұрдық. Әкем күзге дейін үйді бітіріп, кіреміз деп мақсат қойды. Петропавлдан келген соң достарыммен қыдырып келіп, таң ата ұйқыдан тұрсам, әкем жалғыз өзі қара жұмыс істеп жатыр екен. Өз-өзіме ашуландым. Көмектеспек болып едім, «Айдос, сен демала бер, сенің жұмысың менікінен ауыр, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілікті арқалап жүрсің» деп арқамнан қақты. Сол сөздер қатты әсер етті. Маған осылай сеніп отырған әке-шешемді жерге қаратпауым керек дедім», - дейді спортшы.
Ол сонымен қатар жеңіспен оралған соң үй де, көлік те сыйға тартылғанын тілге тиек етті.
«Әйелім «ақша жинап, үй алайық» деді. Сол кезде: «еш саспа, бір күні мен бір жерді жарып келемін, сонда өздері береді» дедім. Сол ниетімізге қарай берген шығар. Көлікті де, үйді де берді. Бірінші кезекте Аллаға сенесің, сонан соң ішкі сенімділігің. Әкем 60-тан асқан кісі. Үй салып жатқанда, «маған Алла денсаулық берсе болды, үйді ойдағыдай етіп салып беремін» деген. Мен де әкем сияқты сендім. Денсаулық берсе, қолымнан келгенді аянбай, барлық нәтижеге жетемін», - дейді ол.
Естеріңізде болса, Хорватияда өткен әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали 60 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды.