Еркін күрес шеберлері әліге дейін Париж жолдамасын алмаған
Еркін күрестен Қазақстан тарихындағы алғашқы әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан Олимпиадаға қатысу үшін салмағын 92-ден 97-ге ауыстырған болатын. Ол қазір айтулы додаға жолдама беретін жарысқа дайындалып жатыр.
«Әлем чемпионатында 92 келіде чемпион болғаннан кейін салмағымды 97-ге көтердім, Олимпиадаға жолдама алып қатысу үшін солай істеу керек болды. Қазір біздің құрамада лицензия жоқ. Мен оны алу үшін барымды саламын», - деді әйгілі балуан SPORT+ телеарнасына берген сұхбатында.
Әңгіме барысында ол қазақ жастарын тәртіпке бағынуға, үлкенді сыйлауға шақырды.
«Ең алдымен, ата-анаңды, бапкеріңді құрметтей біл. Содан кейін еңбек ет, шаршама, тәртіпке бағын. Тәртіпсіз істеген ісің, еңбегің сені ешқандай жақсы нәтижеге жеткізбейді», - деді Ризабек Айтмұқан.