Қайрат Бурбасов Парижде ардагерлер арасында топ жарды
Парижде ардагерлер арасында дзюдодан өткен әлем чемпионатында Қайрат Бурбасов өз салмағында топ жарды.
Қазақстан құрамасының өкілі бұл сында Бразилия өкілі Фелип Лунаны, франциялық Джоффрей Армандты жеңіп жартылай финалға өтті. Ал финалға шығар жолда грузиялық Дмитрий Муладзені жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды.
Чемпиондық белдесуде Қайрат Бурбасов тағы бір отандық татами шебері Мейрамбек Есмағанбетовтен айласын асырып, әлем чемпионы атанды. Атырау облысының өкілі Мейрамбек 2024 жылы Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болған еді.
Айта кететін жайт, әлем чемпионы атанған Қайрат Бурбасов дзюдо мен қазақ күресінен елімізге белгілі бапкер. Оның төл шәкірті Нұрдәулет Жарылғапов қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінде 4 мәрте жүлдегер атанды. Оның ішінде екі рет күміс белдік иегері атанса, тағы екі рет қола жүлдеге қол жеткізген.