Тәжік дзюдошысы әлемдік рейтингте үздіктерді басып озып, көш бастады

Редактор
02.02.2024, 00:26

Даңқты Тедди Ринер небәрі 13-орында тұр

Халықаралық дзюдо федерациясы

Тәжікстан дзюдошысы аса ауыр салмақта әлемдік рейтингте көш бастады. Өткен жылы Қытайда өткен Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған Темур Рахимов 6260 ұпаймен өзгелерден оқ бойы озық келеді.

Дзюдо алыптарының арасында Орталық Азияның белді өкілі сары құрлық біріншілігінде үш рет жүлдегер атанса, Гранд Слэм бәсекелерінде екі рет финалға шығып, біреуінде жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, ол – Judo World Masters турнирінің екі дүркін күміс жүлдегері.

Темур Рахимовтан кейінгі орында ресейлік Инал Тасоев болса, өзбекстандық Әлішер Юсупов үшінші орынға жайғасты. 2022 жылғы кубалық әлем чемпионы Энди Гранда – 4, сол біріншіліктің күміс жүлдегері жапон Саито Тацуру үздік бестікті түйіндеді.

Бұл тізімде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, грузиялық Гурам Тушишвили – 7, Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері бразилиялық Рафаэль Сильва – 10, қола жүлдегер ресейлік Тамерлан Башаев – 11, фрациялық даңқты Тедди Ринер 13-ші орынға ілінді.

Сонымен бірге, +100 келіде Қазақстан намысын қорғап жүрген Ғалымжан Қырықбай – 29, Ерасыл Қажыбаев 37-ші сатыға тұрақтады.