Жарнама
Жарнама

Әлемнің бірінші ракеткасы өзін чемпион қылған бапкерінен бас тартты

Редактор
18.12.2025, 15:35

22 жастағы теннисші жеті жылдан астам уақыт бойы бір бапкермен жұмыс істеген

Getty Images

Әлемнің бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің алты дүркін чемпионы Карлос Алькарас өзінің ұзақ жылдар бойы бірге жұмыс істеген бапкері Хуан Карлос Ферреромен жұмыс істеуді тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы испаниялық теннисші әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Бұл жазбаны жазу мен үшін өте қиын… Жеті жылдан астам бірлескен жұмыстан кейін біз Хуанки екеуміз бапкер мен ойыншы ретіндегі ортақ жолымызды аяқтауды шештік. Балалық шағымдағы армандарымды шындыққа айналдырғаның үшін рахмет», - деп жазды Алькарас.

22 жастағы теннисшінің айтуынша, бұл шешім олардың ортақ жетістіктерінен кейін қабылданған. Ол алдағы уақытта екеуі үшін де жаңа кезең, жаңа мүмкіндіктер басталатынын атады.

«Біз ең биік деңгейге көтерілдік. Сондықтан жолымыз ажырауы тиіс болса, дәл осы сәт ең дұрыс кезең деп ойлаймын. Қазір екеуміз үшін де өзгерістер мен жаңа жобалар кезеңі басталады. Бірақ бұрынғыдай бар күшімізді салып, бәрін лайықты еңсереміз деп сенемін», - деді Алькарас.

Ферреромен бірге жұмыс істеген жеті жыл ішінде Карлос Алькарас ATP турнирлерінде 24 рет жеңіске жеткен. Оның еншісінде 6 «Үлкен дулыға» титулы бар. Мәселен, US Open (2022, 2025), Уимблдон (2023, 2024), «Ролан Гаррос» (2024, 2025) додаларында топ жарумен қатар, былтыр Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған.

Хуан Карлос Ферреро теннис тарихындағы танымал бапкер. Ол 2003 жылғы «Ролан Гаррос» турнирінің чемпион атанған әлемнің экс-бірінші ракеткасы. Сонымен қатар Ферреро 2022 және 2025 жылдары ATP нұсқасы бойынша жылдың үздік бапкері деп танылған болатын.

Реклама
Реклама