Australian Open: еліміздің бірінші ракеткасы финалға шықты

Редактор
29.01.2026, 12:16

Матч тағдыры үш сетте шешілді. 

Қазақстан теннис федерациясы

Жұптық сында еліміздің үздік теннисшісі Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Аустралия ашық чемпионатының финалына жолдама алды.

Жартылай финалда қазақстандық-сербиялық жұп Канада мен Бразилия өкілдері – Габриэла Дабровски және Луиза Стефанимен кездесті. Тартысты өткен матч үш сетке созылды.

Алғашқы партияда Данилина мен Крунич брейк жасап, 5:2 есебімен алға шыққан. Алайда басымдықты ұстап қала алмай, сет тағдыры тай-брейкте шешілді. Сөйте тұра мінез танытқан Данилина мен Крунич жеңісті жұлып алды.

Екінші сетте қарсыластары қарымта қайтарып, 6:3 есебімен басым болды. Осылайша матч үшінші сетке ұласты.

Бұл кезеңде қос жұп та аянып қалмады. Бастапқыда ойынды сәтсіз бастаған Данилина мен Крунич біртіндеп жинақтала бастады. Тиісінше бірнеше брейк жасап, есепте алға шықты. Қорытынды есеп – 7:6, 3:6, 6:4.

Айта кетейік, 30 жастағы Анна Данилина жұптық сында Қазақстанның ең табысты теннисшілерінің бірі. Ол бұған дейін де «Үлкен дулыға» турнирлерінің финалына екі рет шыққан: 2022 жылы Аустралияда бразилиялық Беатрис Хаддад-Майямен, ал былтыр Александра Круничпен бірге «Ролан Гарроста» шешуші матчқа дейін жеткен.

Бүгінде Данилина жұптық рейтингіде 14-орында тұр. Бүгінгі нәтижесінің арқасында ол қайтадан әлемнің үздік ондығына оралады.

Естеріңізде болса, ширек финалда Данилина мен Крунич жарыстың бірінші нөмірлі жұбы – чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тэйлор Таусендті қапы қалдырды.

Реклама
Реклама