Арина Соболенко Australian Open турнирінің финалына шықты
Әйелдер арасында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко Australian Open турнирінің финалына қатарынан төртінші рет шықты. Мельбурнде өтіп жатқан маусымдағы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалында ол Украина өкілі, WTA рейтингінде 12-орында тұрған Элина Свитолинаны 6:2, 6:3 есебімен басым түсті.
Оның финалдағы қарсыласы АҚШ теннисшісі Джессика Пегула мен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның бірі болмақ.
Соболенко спорттық мансабында Рыбакинамен 14 рет кездесіп, оның 8-інде жеңіске жеткен, ал Пегуламен болған 12 матчтың 9-ында басым түскен еді.
Айта кетейік, Элина Свитолина Australian Open турнирінде алғаш рет жартылай финалға дейін жетіп отыр. Ал Соболенко бұл жарысты 2023 және 2024 жылдары жеңіп алған. 2025 жылғы финалда ол америкалық Мэдисон Кизге жол берген еді.
Осы нәтижесінің арқасында Арина Соболенко 1968 жылдан бергі Ашық эрада Australian Open финалына қатарынан төрт рет шыққан үшінші теннисші атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке тек Ивонн Гулагонг пен Мартина Хингис қана қол жеткізген болатын.
Сонымен қатар, ол hard жабынындағы «Үлкен дулыға» турнирлерінде (Australian Open және US Open) жеті және одан да көп финалға қатарынан шыққан теннисшілер қатарына қосылды.
Айта кетейік, соңғы рет WTA Finals финалында Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы сенімді түрде жеңіп, мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді. Бұл оның 2022 жылғы Уимблдондағы тарихи триумфынан кейінгі екінші ең үлкен титулы.