Тарихи сәт: қазақ баласы Australian Open турнирінің жартылай финалына шықты

Редактор
Бүгін, 09:33

Бұған дейін елімізде жасөспірімдер арасында ешкім мұндай жетістікке жетпеген. 

Қазақстан теннис федерациясы

Мельбурн қаласында өтіп жатқан Australian Open турнирінің жасөспірімдер арасындағы жекелей сынында алғашқы жартылай финалист анықталды.

Әлемдік рейтингіде 12-орында тұрған қазақстандық Заңғар Нұрланұлы ширек финалда Гонконг өкілі Кай Томпсонмен (ITF Juniors рейтингінде 48-орын) шеберлік байқасты. Тартысқа толы өткен матч 2 сағат 50 минутқа созылып, қазақстандық теннисшінің жеңісімен аяқталды – 3:6, 7:6 (7:4), 6:4.

Осылайша, Заңғар ел теннисі тарихында жаңа белеске көтерілді. Ол – Australian Open турнирінің жасөспірімдер арасындағы жекелей сынында жартылай финалға шыққан тұңғыш қазақстандық теннисші. Еске сала кетейік, былтыр ол жасөспірімдер арасындағы US Open додасында да жартылай финалға дейін жеткен болатын.

Матчтан кейінгі Заңғар қолдау көрсеткен командасына, ата-анасына, жанкүйерлерге және Қазақстан теннис федерациясына алғыс айтты.

Енді қазақстандық теннисші финал жолдамасын америкалық Китан Ганс пен Қытай Тайбэйінің өкілі Куан Чоу Чен арасындағы кездесудің жеңімпазымен сарапқа салады.

Реклама
Реклама