Елена Рыбакина турнирдің финалына шықты
Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің финалына шықты. Жартылай финалда қазақстандық теннисші әлемнің тоғызыншы ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны 7:5, 6:4 есебімен сенімді жеңді.
Шешуші кездесуде Рыбакина әлемдік рейтингтің көшбасшысы Арина Соболенкомен ойнайды. Қос теннисшінің өзара кездесулеріндегі есеп – 8:7 Соболенконың пайдасына. Алайда қазақстандық спортшы соңғы екі ойында қарсыласынан басым түскен: ол қорытынды турнир мен Australian Open финалдарында жеңіске жеткен еді.
Айта кетейік, Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің екінші ракеткасы атанды.
Сонымен қатар Индиан-Уэллс финалында қазақстандық жанкүйерлер тағы бір қазақстандыққа қолдау білдіреді. Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жұптық сында финалға жолдама алды. Дуэт маусымды жоғары деңгейде өткізіп, чемпиондық жарыста көш бастап тұр: қатарынан жеті турнирде жартылай финалға жетіп, Australian Open финалында ойнады және Дохада чемпион атанды.
Қазақстан теннисі үшін Индиан-Уэллстегі финалдар тарихи нәтижелердің бірі болғалы тұр.