Жарнама
Жарнама

Елена Рыбакина WTA чемпиондық рейтингінде көш бастап тұр

Редактор
Бүгін, 09:56

Екінші орында беларусьтік Арина Соболенко келеді

William WEST / AFP via Getty Images

WTA жекелей сындағы чемпиондық рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бұл тізімде әлі де көш бастап тұр. Оның еншісінде - 4 103 ұпай.

Екінші орында беларусьтік Арина Соболенко келеді. Ол 4 015 ұпай жинаған. Ал америкалық Джессика Пегула 2 970 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Мадридтегі WTA 1000 турнирінен кейін әлемдік рейтингте де өзгерістер болды. Рыбакина көш басындағы Соболенкоға жақындай түсті. Қазір Аринада 10 110 ұпай болса, қазақстандық теннисші 8 555 ұпаймен екінші орында тұр. Польшалық Ига Швентек 6 948 ұпаймен үшінші орынға көтеріліп, америкалық Кори Гауфты (6 749) артта қалдырды.

Мадрид турнирінде топ жарған украиналық Марта Костюк рейтингте 23-орыннан 15-сатыға дейін көтерілді. Ал финалға шыққан ресейлік Мирра Андреева 8-орыннан 7-орынға жылжыды.

Төртінші айналымда Рыбакинаны жеңген аустриялық Анастасия Потапова 56-дан 38-орынға бірден көтерілсе, тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 80-сатыдан 77-орынға шықты. Ол Мадридте Марта Костюкке жол берген еді.

Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина бір саты төмендеп, қазір әлемдік рейтингте 8-орында тұр.

Реклама
Реклама