Испаниялық теннисші оң жақ білегіндегі жарақатынан толық айыға алмаған
Әлемнің екінші ракеткасы Карлос Алькарас жарақатына байланысты биылғы «Уимблдон» турниріне қатыспайтын болды. Испаниялық теннисші оң жақ білегіндегі жарақатынан толық айыға алмаған.
Алькарас әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қалпына келу процесі жоспар бойынша өтіп жатыр, алайда әзірге жарысқа қатысуға дайын емес.
«Өзімді әлдеқайда жақсы сезініп келемін. Дегенмен әзірше кортқа оралуға толық дайын емеспін. Сондықтан Queen’s Club турнирі мен „Уимблдоннан“ бас тартуға мәжбүрмін. Бұл – мен үшін ерекше жарыстар. Сол себепті оларды өткізіп алу оңай емес. Бірақ тезірек оралу үшін жұмысымызды жалғастырып жатырмыз», – деп жазды испаниялық спортшы.
Айта кетейік, бұған дейін Алькарас «Ролан Гаррос», Мадрид пен Римдегі «Мастерс» турнирлері, сондай-ақ Барселонадағы ATP 500 жарысынан да бас тартқан еді.
Теннисші 14 сәуір күні Барселона турнирінің алғашқы айналымында финляндиялық Отто Виртаненге қарсы матчта жарақат алған. Соған қарамастан, Алькарас кездесуді соңына дейін өткізіп, қарсыласын 6:4, 6:2 есебімен жеңген болатын.