Жарнама
Жарнама

Елена Рыбакина сенсациялық жеңілісінің себебін ашып айтты

Редактор
Бүгін, 08:47

Қазақстандық теннисші украиналық Юлия Стародубцеваға есе жіберді

Mustafa Yalcin/Anadolu via Getty Images

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турниріндегі күтпеген жеңілісінен кейін матчқа әсер еткен басты факторларды түсіндірді.

Қазақстандық теннисші өз ойынында негізгі қиындық аптап ыстықтан емес, ауа райының доптың қозғалысына әсер етуінен болғанын айтты. Оның сөзінше, ыстықта доп жеңілдеп кетіп, оны бақылау айтарлықтай қиындаған.

«Мәселе ыстықта емес, ауа райының допқа әсерінде болды. Доп тым жеңіл болып кетті, сондықтан оны бақылау өте қиынға соқты», — деді Рыбакина.

Сондай-ақ журналистер қазақстандық спортшыдан ыстық ауа райы оған ерекше қолайсыздық туғызбай ма деп сұрады. Себебі Рыбакина әдетте жоғары температура жағдайында да сенімді ойынымен ерекшеленеді.

Теннисші бұл жолы физикалық тұрғыдан өзін жақсы сезінгенін, алайда кортта қажетті тепе-теңдік пен дәл соққыны таба алмағанын жеткізді.

«Әр елдің ауа райы әртүрлі болады, сондықтан бәрі оған бейімделуге тырысады. Меніңше, ыстық физикалық жағынан қатты әсер еткен жоқ. Негізгі проблема — өз ойынымды таба алмадым. Дұрыс соққыны сезіне алмадым, қателік тым көп болды», — деп мәлімдеді ол.

Еске салайық, Елена Рыбакина Францияның ашық чемпионаты — «Ролан Гаррос» турнирін екінші айналымда аяқтады. Қазақстандық теннисші украиналық Юлия Стародубцеваға үш сет қорытындысы бойынша есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Реклама
Реклама