Матч үш сағат 30 минутқа созылып, Осорионың жеңісімен аяқталды
Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Францияның ашық чемпионатының екінші айналымындағы матч кезінде төрешінің шешіміне наразылық білдіріп, эмоциясын жасыра алмады.
Қазақстандық теннисші колумбиялық Камила Осориомен болған тартысты кездесуде төрешінің бір шешіміне келіспей, ашуға булығып, ракеткасын кортқа қатты соқты. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
Матч үш сағат 30 минутқа созылып, Осорионың жеңісімен аяқталды – 7:5, 6:7, 7:5. Осылайша Путинцева «Үлкен дулыға» санатындағы турнирдің үшінші айналымына шыға алмады.
Еске салсақ, алғашқы айналымда қазақстандық теннисші австралиялық Талия Гибсонды жеңген болатын. Сол кездесуде Юлия алғашқы сетті ұтылғанына қарамастан, камбэк жасап, 4:6, 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
Айта кетейік, «Ролан Гаррос» турнирінің жалпы жүлде қоры 61,7 миллион еуроны құрайды. Әйелдер арасындағы жарыстың жеңімпазы 2,8 миллион еуро сыйақы алып, WTA рейтингінің 2000 ұпайына ие болады.