Жарнама
Жарнама

«Ролан Гарроста» жеңіске жеткен теннисшінің ракеткасын ұрлап кетті

Редактор
Бүгін, 16:20

Тиафо әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлерге үндеу жасап, ракетканы қайтаруды сұрады

әлеуметтік желі

Америкалық теннисші Фрэнсис Тиафо «Ролан Гаррос» турниріндегі жеңісінен кейін күтпеген жағдайға тап болды. Матч аяқталған соң жанкүйерлермен бірге жеңісті атап өту кезінде оның ракеткаларының бірі жоғалып кеткен.

Оқиға Тиафоның поляк теннисшісі Хуберт Хуркачты жеңгеннен кейін болған. Төрт сағат 43 минутқа созылған тартысты кездесу бес сетке жалғасып, америкалық спортшының 6:7 (5:7), 7:6 (7:5), 6:4, 6:7 (1:7), 6:4 есебімен жеңісімен аяқталған.

Матчтан кейін Тиафо корттағы жанкүйерлерге барып, олармен бірге жеңіс қуанышын бөліскен. Алайда көпшілік арасынан шыққан соң, өзімен бірге алып жүрген ракеткалардың бірі жоқ екенін байқайды. Теннисшінің айтуынша, ол жарыстарға әдетте сегіз ракеткамен келеді. Солардың біреуі дәл сол сәтте жоғалып кеткен.

Осыдан кейін Тиафо әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлерге үндеу жасап, ракетканы қайтаруды сұрады.

«14-корттағы атмосфера керемет болды. Бірақ менің жеңісті тойлау кезінде ракеткамды алып кеткен жанкүйерге өтінішім бар. Өтінемін, оны қайтарыңыз. Есесіне келесі матчыма екі билет сыйлаймын», — деп жазды ол.

Теннисшінің жазбасы әлеуметтік желілерде кең таралып, көп ұзамай нәтиже берді. Біраз уақыттан кейін жоғалған ракетка иесіне қайтарылды.

Фрэнсис Тиафо бұл ракетканы қосалқы құрал жетіспегендіктен емес, ерекше мәнге ие болғандықтан қайтарғысы келгенін айтты. Оның сөзінше, дәл осы ракеткамен Хуркачқа қарсы маңызды жеңіске жеткен және оны өзінің «сәтті ракеткасы» деп санайды.

Айта кетейік, бұл жеңістің арқасында америкалық теннисші Францияның ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды.

Реклама
Реклама

Материалда: