Елена Рыбакина Аустралияда жеңіліп қалған орыс теннисшісімен тағы кездесуі мүмкін

Редактор
28.03.2024, 08:36

Биыл қаңтарда қос теннисші Аделаида турнирінде жолығып, ресейліктің мерейі үстем болған

Чемпионат

Майамиде өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің финалында қазақстандық Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 4-орын) мен ресейлік Екатерина Александрова (16-орын) қайта кездесуі мүмкін. Қос теннисші де жартылай финалға шықты.

Айта кетейік, Рыбакина ширек финалда грек теннисшісі Мария Саккариді (8-орын) үш сетте жеңді, есеп – 7:5, 6:7, 6:4. Жерлесіміз енді жартылай финалда Беларусь теннисшісі Виктория Азаренкомен (32-орын) өзара мықтыны анықтайды.

Ал, ресейлік Александрова болса бүгін әлемнің бесінші ракеткасы – америкалық Джессика Пегуладан 3:6, 6:4, 6:4 есебімен басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді финалға шығу үшін ол тағы бір америкалық теннисші Даниэль Коллинзді (53-орын) жеңуі керек.

Еске салайық, биыл қаңтар айында Аделаида турнирінде (Аустралия) Рыбакина мен Александрова өзара кездесіп, ресейлік теннисші 6:3, 6:3 есебімен жеңіп кеткен болатын.

Ал, Майамиде өтіп жатқан дәстүрлі турнир 19 наурызда басталып, 30 наурызда мәресіне жетеді. Қыздар жарысының жүлде қоры 8,9 миллион доллар. Былтыр Елена Рыбакина осы турнирдің финалына дейін жетіп, ақтық сында чех қызы Петра Квитовадан жеңіліп қалған еді.