Зарина Дияс болса жарысқа мүлдем қатыспайды
Токио қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчында жапон қыздары Қазақстаннан 2:0 есебімен басым түсті.
Бүгінгі сында «Үлкен дулыға» турнирінің төрт мәрте чемпионы Наоми Осака мен Қазақстанның екінші, әлемнің 50-ракеткасы Юлия Путинцева сынға түскен болатын.
Бұған дейін қос қарсылас төрт рет кездесіп, соның үшеуінде қазақстандық теннисші жеңіске жеткен еді. Сәбилі болуына байланысты үзілістен кейін кортқа қайта оралған Осака қазіргі кезде әлемдік рейтингіде 193-орында келеді. Соған қарамастан ол Путинцеваны екі сетте 6:2, 7:6 есебімен жеңді.
Сондай-ақ, қазақстандық тағы бір теннисші Анна Данилина жапон қызы Нао Хибиноға 1:6, 0:6 есебімен ойсырай ұтылды.
Енді 13 сәуір күні екі құрама арасында үш кездесу жоспарланған.
Бұдан бөлек, ұлттық құрамамен бірге жарысқа келген Зарина Диястың аталған турнирге қатыспайтыны да белгілі болды. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевтың сөзінше, Зарина жарақатына байланысты екі жыл жарыстан тыс қалғандықтан, әлі толық қалпына келе қоймаған көрінеді.