Ол биыл үш жарыста чемпион атанған
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина өзі жеңімпаз атанған Штутгарттағы турнирден соң тілшілердің сауалына жауап беріп, «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерге даярлығы жайлы айтты.
Тілшілердің бірі жерлесімізден Францияда өтетін «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіске жету мүмкіндігі жайлы сұрады.
«Қай кезде де өзіме сенемін. Бірақ, бәрі маған ғана байланысты емес. Ол жақта керемет ойыншылар көп, қарсыластың осалы жоқ. Бір анығы, бабымда екенімді сезсем, физикалық тұрғыда дайын болсам және денсаулығым сыр бермесе, онда өз теннисімді ойнай аламын. Мұндайда кез келген төсеніштегі «Үлкен дулыға» турнирін ұтуға шамам жетеді», - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанның бірінші ракеткасы Штутгарттағы турнир финалында украиналық Марта Костюкті 6:2, 6:2 есебімен жеңіп, осы маусымда үшінші аламанда жеңіске жетті.
Өз жолында Елена Рыбакина ресейлік теннисші Вероника Кудерметованы (19-орын) – 7:6, 1:6, 6:4, италиялық Жасмин Паолиниді (14-орын) – 6:3, 5:7, 6:3 және әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекті 6:3, 4:6, 6:3 есебімен жеңді.