Елена Рыбакина Римдегі Masters турниріне қатысудан бас тартты

Редактор
10.05.2024, 15:43

Былтыр қазақстандық теннисші дәл осы турнирде чемпион атанған болатын

Getty Images

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Италия астанасында өтіп жатқан турнирге қатыспайтын болып шешті. Ол өзінің бұл шешімін денсаулығына байланысты деп түсіндірген деп жазады Tennisform.

Қазақстандық теннисшінің орнына француз Осеан Доден қатысатын болды.

«Турнирге қатыса алмайтыным өкінішті. Бірақ, жарысқа қатысып, нәтиже көрсете алатындай халде емес екенімді біліп тұрмын», - деді Рыбакина.

Айта кетейік, қазақстандық теннисші жарысты екінші айналымнан бастауы керек болған. Оның қарсыласы – румыниялық Ирина-Камелия Бегу (#161).

Ал, осы жарыста өнер көрсетіп жатқан екінші қазақстандық теннисші Юлия Путинцева екі рет жеңіске жетіп үлгерді. Ертең үшінші айналымда жерлесіміз әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентекпен кортқа шығады.