Беларусь теннисшісі Франциядағы дәстүрлі турнирдің басты фавориті еді
Теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы Франция ашық чемпионатының ширек финалында Беларусь өкілі Арина Соболенко (әлемнің 2-ракеткасы) ресейлік Мирра Андреевадан (#38) жеңіліп қалды.
Небәрі 17 жастағы Андрееваның жеңісі – турнирдің басты сенсациясы. Ол бірінші сетте жеңілгенімен, қалған екі кезеңде камбэк жасады, қорытынды есеп – 6:7 (5:7), 6:4, 6:4. Жалпы матч 2 сағат 29 минутқа созылған.
Ойын аяқталғаннан кейін беларусь теннисшісі көзіне жас алып, эмоциясын жасыра алмады. Ол осы турнирдің басты фавориттерінің бірі болатын.
Айта кету керек, матч барысында Арина іші ауырғанын айтып, бірнеше рет медициналық тайм-аут алды.
Енді жартылай финалда Мирра Андреева италиялық теннисші Ясмин Паолинимен (#12) кортқа шығады. Паолини ширек финалда қазақстандық Елена Рыбакинаны (#4) жеңген болатын.