Ол бұған дейін «Ролан Гаррос» турниріне қатысып, іріктеу кезеңінен ары аса алмаған еді
Қазақстандық, әлемнің 136-ракеткасы Михаил Кукушкин Сурбитон (Ұлыбритания) челленджер турнирінің ширек финалына шықты деп жазады Қазақпарат.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 308-орында тұрған корт иесі Пол Джубке қарсы келді.
Бірінші партияда ұлыбританиялық спортшы айқын басымдылық танытты – 6:1. Дегенмен бұдан кейін Кукушкин камбэк жасай білді – 6:3, 6:2.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсекеде Кукушкин 3 эйс, 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті. Джубб 3 эйс, 3 брейкке (7 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Михаил Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 201-ракеткасы, тағы бір ұлыбританиялық Билли Харриспен таласады.
Рейтингіде 171-орында тұрған Бейбіт Жұқаев 1/8 финалда әлемнің 105-ракеткасы аустралиялық Джеймс Даквортты ұта алса, ол да ширек финалға жолдама алады.