Ол финалда Аустралия теннисшісін тізе бүктірді
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) әлемдік рейтингтің жаңартылған тізімін жариялады. Қазақстанның бірінші ракеткасы саналатын Елена Рыбакина соңғы жарыстардағы сәтсіздігіне қарамастан төртінші орнын сақтап қалды.
Еске салайық, «Ролан Гарроста» ширек финалдан қайтқан Рыбакина жуырда Берлинде өткен WTA 500 турнирінде денсаулығына байланысты жарысты орта жолдан үзген еді. Мамандар оның «Уимблдон» турнирінде де сәтті өнер көрсететініне күмәнмен қарайды.
Есесіне, екінші қазақстандық Юлия Путинцева рейтингте бірден жеті сатыға жоғарылап, 34-орынға тұрақтады. Ол күні кеше Бирмингемде (Ұлыбритания) өткен WTA 250 турнирінде чемпион атанған болатын. Финалда жерлесіміз Аустралия теннисшісі Айла Томляновичті 6:1, 7:6 есебімен жеңді.
Рейтингтің алғашқы үштігі де өзгеріссіз қалып отыр.
Ал, жұптық санат бойынша түзілген рейтингте Қазақстанның үздігі саналатын Анна Данилина 53-орында.