Парижде Қазақстан намысын қорғайтын теннисшілер анықталды

Редактор
04.07.2024, 15:35

Құрамды жасақтау Олимпиада регламенті негізінде жүргізілді

ktf.kz

Қазақстан теннис федерациясы Париждегі XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын теннис құрамасы анықталғанын мәлім етті.

Құрамды жасақтау Олимпиада регламенті негізінде жүргізілді, оған сәйкес ойындарға қатысуға рұқсат берудің негізгі біліктілік критерийі ойыншылардың ATP және WTA әлемдік рейтингтеріндегі жеке позициялары болып табылады.

Осылайша, биыл Олимпиадалық теннис жарыстарында Қазақстанның намысын: жекелей сында - Елена Рыбакина (№4), Юлия Путинцева (№34), Александр Бублик (№23) және Александр Шевченко (№58), жұптық сында – Александр Бублик/Александр Недовесов қорғайтын болады.

Алдағы Олимпиадада Қазақстан теннис құрамасы үшін алғаш рет әлемнің 58-ші ракеткасы Александр Шевченко өнер көрсетеді. Халықаралық теннис Федерациясы (ITF) А.Шевченконың Қазақстанмен бұрыннан келе жатқан мәдени және отбасылық байланыстарын, сондай-ақ оның анасының Жезқазған қаласының тумасы екенін ескеріп, оған еліміздің туы астында өнер көрсетуге рұқсат берді.