Ол биылдың өзінде бірнеше жарысты орта жолдан тастап кеткен болатын
Денсаулығына байланысты Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартқан қазақстандық теннисші Елена Рыбакина тамыз айында Торонто (Канада) қаласында өтетін жарыста өнер көрсетеді деп жазды tennis.com сайты.
Теннисшінің өзі мәлімдегендей, Уимблдон турнирінен кейін ол өткір бронхитпен ауырып, дәрігерлер Парижге баруына тыйым салыпты. Дегенмен, Рыбакина бұл уақытта Бодрумда демалып, балмұздақ жеп жүрген фотоларымен Instagram-әлеуметтік желісінде бөліскен болатын.
«Рыбакина бірнеше жарысты соңына жеткізбей орта жолдан тастады, барлығында да денсаулығы сыр берген. Олимпиаданы айтпағанда, ол Индиан-Уэллс, Рим, Истборн турнирлерінде ауырып, кортқа шыға алмады. 25 жастағы теннисші соңғы рет Уимблдон турниріне қатысып, жартылай финалда Барбора Крейчиковадан жеңілді. Енді ол Солтүстік Америкадағы хард турнирлеріне қатысады. Ең алдымен Торонтода өтетін National Bank Open турнирінде бағын сынап көреді. Аталған турнир 6 тамызда басталады», - деп жазылған tennis.com мақаласында.