Ресейден алдырған тағы бір легионер Олимпиаданы бірінші айналымнан аяқтады

Редактор
29.07.2024, 00:22

Осылайша жекелей сында Қазақстан атынан өнер көрсететін теннисші қалмады

Владислав Семенов/ҰОК

Париж Олимпиадасына барған қазақстандық тағы бір теннисші бірінші айналымнан ары аса алмай, жарысты ерте аяқтады. Бұл жолы Александр Шевченконың жолы болған жоқ.

Қазақстан теннисшісі бірінші айналымда чех Якуб Меншикпен кортқа шыққан болатын. Чехия өкілі екі сетте де айқын басымдықпен жеңіп (6:3, 6:4), келесі айналымға жолдама алды.

Айта кету керек, бұған дейін Александр Бублик те бірінші айналымда жеңіліп қалған болатын. Ал, қыздар теннисінен ел үмітін арқалаған Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева бірінен соң бірі денсаулығына шағым айтып, жарысқа қатысудан бас тартты. Осылайша Қазақстаннан жекелей сында өнер көрсететін бірде-бір теннисші қалмады. Жұптық сында Александр Недовесов пен Александр Бублик жарысты жалғастырады.

Ескеретін бір жайт, жекелей сында жарыстан шығып қалған төрт теннисші де Ресейден келген легионерлер.