Төрт теннисшіміз жарыстан шығып қалды
Париждегі Олимпиада ойындарында қазақстандық теннисшілер жарыс жолын түгел аяқтады.
Біздің команда сапынан соңғы болып кортқа шыққан Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық сында жеңіліп қалды.
Олар Бразилия командасының өкілдері Тьяго Монтейро/Тьяго Сейбот Уайлдқа қарсы ойнап, 4:6, 4:6 есебімен жол берді.
Айта кету керек, бұған дейін жігіттер жекелей сында да бірінші айналымнан аса алмаған. Бублик Тэйлор Фрицтен (АҚШ) жеңілсе, Александр Шевченко алғашқы айналымда чехиялық Якуб Менсикке есе жіберді.
Ал еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Парижге мүлде барған жоқ, артынша Юлия Путинцева да Олимпиадаға қатысудан бас тартты. Екеуі де денсаулығына байланысты осындай шешім қабылдағанын айтты.
Ескеретін бір жайт, жекелей сында жарыстан шығып қалған төрт теннисші де Ресейден келген легионерлер. Ал Недовесов Украинада туған.