Олимпиада финалында Джокович пен Алькарас кездеседі

Редактор
03.08.2024, 00:59

Екеуі 7 рет кездесіп, оның төртеуінде Алькарас жеңген

globallookpress.com

Сербиялық теннисші Новак Джокович жекелей сында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының финалына шықты.

Парижде өтіп жатқан аламанның жартылай финалында 37 жастағы Джокович (турнирдің 1-ракеткасы) италиялық Лоренцо Музеттиді (#11) жеңді, есеп – 6:4, 6:2. Кездесу 1 сағат 50 минутқа созылды.

Екінші жартылай финалда испаниялық Карлос Алькарас (#2) канадалық Феликс Оже‑Аляссимнен (#13) басым түсті.

Осылайша, Үлкен дулыға турнирлерінің 24 дүркін жеңімпазы финалда Алькараспен өзара кім мықтыны анықтайды.

Ал, қола жүлдені Музетти мен Оже‑Аляссим сарапқа салады.

Джокович Олимпиада ойындарында 1988 жылдан бері жекелей сынның финалында өнер көрсететін ең егде теннисші болып отыр.

Айта кетейік, қос теннисші өзара жеті рет кездесіп, оның төртеуінде Алькарас жеңіске жеткен. Соңғы рет екеуі биыл 14 шілдеде Уимблдон турнирінің финалында жолығып, испан теннисшісі 3:0 есебімен басым болған.