Әйгілі теннисші Новак Джокович мансабында алғаш рет Олимпиада алтынын жеңіп алды

Редактор
04.08.2024, 21:35

Ол бұған дейін үш рет жартылай финалға дейін жетіп сүрінген

Getty Images

Әлемнің екінші ракеткасы, серб теннисшісі Новак Джокович мансабында алғаш рет Олимпиада чемпионы атанды. Париждегі жарыстың финалында ол әлемнің бірінші ракеткасы Карлос Алькарасты жеңді.

Матч 2 сағат 52 минутқа созылды. Қос теннисші де брейк-пойнт жасай алған жоқ, нәтижесінде екі сетте де 7:6 (7:3), 7:6 (7:2) есебі тіркелді. Джокович еншісінде бір эйс пен екі дабл-фол бар. Алькарас та бір эйс жасап, бір дабл-фолға жол берді.

Новак Джокович – тарихтағы ең ұлы теннисшілердің бірі. Ол ATP рейтингінде ең ұзақ лидер болған спортшы – 428 апта. Сондай-ақ, «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерді ең көп жеңген (24 рет) теннисші ретінде де рекорд орнатқан. Алайда, бүгінге дейін оның еншісінде Олимпиада алтыны жоқ еді.

Джокович бұған дейін үш рет Олимпиаданың жартылай финалына жетіп сүрінген еді. Ал, Алькарас үшін бұл алғашқы Олимпиада ойындары.