Ресейден келген қазақстандық теннисшілер тағы да ұятқа қалдырды

Редактор
14.09.2024, 21:47

Алда шешуші үш матч бар

vesti.kz

Теннистен Дэвис кубогының бірінші әлемдік тобының матчтары басталды. Астанада Қазақстан құрамасы Данияны қабылдап жатыр.

Бір қызығы, қарсыластың теннисшілері біздің спортшылардан рейтингте әлдеқайда төмен орналасқан. Осылайша, алғашқы жарыс күнінде сенім артқан екі теннисшіміз де жеңіліп қалды.

Жекелей сында әлемнің 27-ші ракеткасы Александр Бублик ATP рейтингінде 247-ші орында тұрған Эльмер Миллерге есе жіберді. Бірінші сетте Бублик 6:1 есебімен басым түскенімен, одан әріге шамасы жеткен жоқ. Келесі екі сетте ұтылып қалды.

Одан кейін кортқа шыққан Александр Шевченко (№57) әлемдік рейтингте 166-ші орында тұрған Аугуст Хольмгреннің мықтылығын мойындады.

Енді үш кездесу ертең өтеді. Егер жұптық сында отандастарымыз жеңілетін болса, онда қалған екі кездесудің маңызы болмайды.

Жеңімпаз команда 2025 жылы ақпанда өтетін командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысады.