Елена Рыбакина ешқандай маңызы жоқ матчта әлемнің бірінші ракеткасын жеңді

Редактор
07.11.2024, 00:04

Бұған дейінгі екі кездесуінде ол жеңіліп қалған

Matthew Stockman/Getty Images

Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан теннистен WTA-ның қорытынды турнирінде кішігірім сенсация тіркелді. Қазақстандық Елена Рыбакина топтық кезеңнің соңғы ойынында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы (Беларусь) жеңді, есеп – 6:4, 3:6, 6:1.

Алғашқы сетте қос теннисші де бірнеше реттен қателікке жол берді. Мәселен Рыбакина 1:3 есебімен жеңіліп тұрып, екі брейкті жүзеге асырды да, сетті жеңіспен аяқтады.

Ал, екінші сетте беларустік теннисшінің мерейі үстем болса, үшінші кезеңде ол қайта-қайта қателік жасап, жеті сеттің алтауын Рыбакина өз пайдасына шешті.

Айта кету керек, топтық кезеңнің алғашқы екі матчында Елена Рыбакина жеңіліп қалды. Алдымен италиялық Жасмин Паолиниге есе жіберсе, артынша қытайлық Чжэн Циньвэньнен ұтылды. Тиісінше ол плей-офф кезеңінен шығу мүмкіндігінен айрылды. Яғни, Рыбакина Соболенконы жеңгенімен жарысты жалғастыра алмайды.