Жарыстың жүлде қоры 3,6 млн доллардан асатын
Дубайда өтіп жатқан WTA 1000 турнирінде қазақстандық Елена Рыбакина (№7) Ресей теннисшісі Мирра Андреевадан (№14) жеңіліп қалды.
Матч үш сетке созылды. Алғашқы кезеңде Андреева 6:4 есебімен сенімді жеңіске жетсе, екінші кезеңде Рыбакина да дәл осындай есеппен басым түсті. Шешуші үшінші сетте отандасымыз бірнеше өрескел қателікке жол беріп, 3:6 есебімен жеңілді.
Осылайша, Дубай турнирінің финалына 17 жастағы ресейлік теннисші шықты. Ақтық сында ол Таусон – Мухова жұбының жеңімпазымен кортқа шығады.
Айта кетейік, Рыбакина аталған турнирде жапон Моюка Учижиманы, испан Паула Бадосаны және америкалық София Кенинді жеңді.
Мирра Андреева болса ширек финалда әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентектен (Польша) басым түсті.