Қазақстанның экс-бірінші ракеткасы қазір шағын турнирлерге ғана қатысып жүр
Лудомандар қазақстандық белгілі теннишсі Зарина Диястың отбасын қорқытып, қоқаң-лоқы көрсеткен. Спортшының жеңілісінен кейін өздері де бәстен ұтылған «азартниктер» осындай қадамға жиі барады дейді Зарина «Замандас» подкастында болған сұхбатта.
Бір кездері әлемдік рейтингте 31-орынға көтерілген Зарина Дияс ауыр жарақат алып, біраз уақыт спорттан қол үзген болатын. Ал, былтыр ол карьерасын қайта жалғастырды. Қазір WTA рейтингінде 328-орында тұр.
– Біз секілді теннисшілерге әрбір жеңілістен кейін бәс тігіліп ұтылғандар хабарласады. Олар қорқынышты хабарлама жазады. Матчтан жеңілген сайын маған: «Сен өлсең ғой», «Отбасың өлсе ғой» деген сияқты хабарламалар келеді. Олар осындай қорқынышты нәрселерді жазады, - дейді Зарина Диас.
– Қазақтандықтар хат жаза ма?
– Тек қазақстандықтар емес, жалпы әлем бойынша жазатындар жетерлік.
Еске салайық, бұған дейін тағы бір қазақстандық теннисшінің басынан осыған ұқсас жайт өткен болатын. Атап айтсақ, теннисші Аружан Сағындықованы Ақтөбе қаласындағы аудандық әкімдіктің Instagram-дағы ресми парақшасы балағаттап, артынша қарғыс сөздер жазған.