Юлия Путинцева да 29-шы сатыға төмендеген
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингісін шығарып, Елена Рыбакинаның нәтижесі нашарлай түсті.
Испания астанасында WTA 1000 турнирінің үшінші айналымында есе жіберген отандық №1 ракетка Елена Рыбакина бір саты төмендеп, 12-ші орынға тұрақтады.
Турнир жеңімпазы Арина Соболенко рейтингте топ бастап тұр. Ал польшалық Ига Швентек екінші, АҚШ теннисшісі Кори Гауфф үшінші орынға жайғасқан.
Мадрид турнирінде екінші айналымда оңбай ұтылған қазақстандық Юлия Путинцева 24-ші орынннан 29-шы сатыға төмендеген.
Сондай-ақ, жұптық сын бойынша Анна Данилина 17-орнынан жылжыған жоқ. Ал Юлия Путинцева 76-дан 77-ге, Жібек Құламбаева 106-дан 127-ге сырғыды.
Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жақын күндері Рим WTA 1000 турнирінде сынға түседі. Аталған дода отандық корт шеберлеріне жоғары ұпай жинап, рейтингте жоғарылауына мол мүмкіндік беріп отыр.