Бұл жеңістен кейін Рыбакина WTA Live рейтингісінде 11-сатыға көтерілді
Қазақстандық теннис жұлдызы Елена Рыбакина Италия астанасы Римде өтіп жатқан WTA 1000 сериясындағы турнирдің алғашқы ойынын сенімді жеңіспен аяқтады.
Турнирге екінші айналымнан қосылған әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина германиялық теннисші, әлемдік рейтингте 63-орында тұрған Ева Лиспен кездесті. Ойын тартысты өрбіді: алғашқы сетте қарсыласы 4:2 есебімен алға шыққанымен, Рыбакина есепті теңестіріп, тай-брейкте 7:6 (7:3) нәтижесімен басым түсті.
Екінші партияда қазақстандық спортшы толық басымдық танытты. Есеп 2:2 болған сәттен бастап қатарынан бірнеше гейм ұтып, 6:2 нәтижесімен матчты жеңіспен аяқтады.
Ойын жалпы бір сағат 25 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Рыбакина 4 эйс орындап, 7 мүмкіндіктің бесеуінде брейк жасап үлгерді. Ал Ева Лис 1 эйс пен 3 брейкпен ғана шектелді.
Келесі айналымда Елена хорватиялық Донна Векич (WTA №19) пен канадалық Бьянка Андрееску (WTA №121) арасындағы кездесудің жеңімпазымен сынға түседі.
Айта кетейік, бұл жеңістен кейін Рыбакина WTA Live рейтингісінде 11-сатыға көтерілді.