Бұған дейін Бублик Синнерді бір рет жеңген
Қазақстанның бірінші, әлемнің 62-ракеткасы Александр «Бублик Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалында италиялық Янник Синнермен кездесетін болды.
Қарсыласы – әлемдік рейтингтің көшбасшысы. Australian Open турнирінің екі дүркін және US Open турнирінің бір мәрте жеңімпазы. Синнер 1/8 финалда ресейлік әйгілі теннисші Андрей Рублевті қиындықсыз үш сетте жеңді (6:1, 6:3, 6:4).
Ал қазақстандық Александр Бублик болса, төртінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, ұлыбританиялық, 23 жастағы Джек Дрейперді үйіне қайтарған болатын. Бұл – осы турнирдің басты сенсацияларының бірі.
Александр Бублик пен Янник Синнер өзара төрт рет кездескен, қазіргі есеп бойынша италиялық теннисші 3:1 есебімен алда келеді. Соңғы рет олар екі жыл бұрын Германияның Галле қаласында өткен турнирде жолыққан. Сол матчта Бублик сәтсіз серияға нүкте қойып, жеңіске жеткені бар. Ол кезде Синнер екінші сетте матчты жалғастыра алмай, ойыннан бас тартқан болатын.
Синнер мен Бублик арасындағы ойын 4 маусым күні өтеді.