Жыл соңына дейін ТОП-100 қатарына оралғым келеді – Зарина Диас

Редактор
05.06.2025, 09:55

Теннисші Новак Джокович пен Геннадий Головкиннен шабыт алатынын айтты

ҰОК

Жапониядағы ITF W50 турнирінің жеңімпазы Зарина Диас Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жеңісі мен болашақ жоспарлары, қазақстандық теннисшілермен қарым-қатынасы, Новак Джокович пен Геннадий Головкин жайлы айтып берді.

«Жапониядағы турнир мен үшін ерекше маңызды. Биылғы маусымның басында нәтижелер көңіл көншітпеді, бірақ біртіндеп сенімім мен спорттық формамды қалпына келтіре бастадым. Әсіресе, жарақаттан кейін әр жеңіс бұрынғыдан да қымбат», — деді Зарина.

Теннисші осы маусымда төрт турнирге қатысып, соңғысында чемпион атанды. Ең қиын матч – жартылай финалда, қарсыласы матч-пойнтқа ие болған сәтте де ол беріспей, кері қайыра білді.

«Кейде бәрін тастап кеткім келді. Бірақ сол сәттерде не үшін бұл жолды таңдағанымды еске түсірдім. Мақсатым – үздік ойыншы атану еді. Бұл арман орындалып, ТОП-30 қатарына ендім», — дейді ол.

Заринаның келесі жоспары – Еуропадағы турнирлер, соның ішінде Португалия мен Испаниядағы WTA жарыстарына қатысу. Басты мақсаты — 2025 жылдың соңына дейін WTA ТОП-100 қатарына қайта ену.

Сондай-ақ теннисші спортта кімнен шабыт алатынын айтып берді. 

«Маған шабыт беретін спортшылар көп. Мысалы, Новак Джокович. Оның ойыны, психологиялық тұрақтылығы мен физикалық дайындығы таңғалдырады. Жеткен жетістіктеріне қарамастан, әр жарыста жеңіске жетуге деген ұмтылысы — нағыз мотивация. Қазақстандық спортшылардан – Геннадий Головкин. Қазір ол жеке жарыстарға қатыспайды, бірақ оның мансабы керемет болды. Ол – қазақ спортының аңызы, оның жолы көп адамға үлгі», – дейді спортшы.

Ал қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Анна Данилинамен жылы қарым-қатынаста екенін айтты.

Айта кетейік, Зарина Диас Жапониядағы ITF W50 турнирінде жеңіске жетіп, WTA рейтингінде 275-орынға көтерілді. Бұл – оның биылғы алғашқы титулы әрі мансабындағы ITF аясындағы 11-жүлдесі. Бұған дейін, 2017 жылы Токиода өткен WTA 250 сериясындағы турнирде жеңіске жеткен. Сондай-ақ ол екі жыл қатарынан Уимблдон турнирінің 1/8 финалына дейін жеткен.