Жартылай финалда қазақстандық-сербиялық дуэт норвегиялық Ульрикке Эйкери мен жапондық Эри Ходзумиді жеңді
Қазақстандық теннисші Анна Данилина сербиялық серіктесі Александра Круничпен бірге Франция ашық чемпионатының (French Open) жұптық санатындағы финалға шықты.
Жартылай финалда қазақстандық-сербиялық дуэт норвегиялық Ульрикке Эйкери мен жапондық Эри Ходзумиді үш сетке созылған тартысты матчта 6:7 (5:7), 6:3, 7:5 есебімен жеңді.
Финалда Данилина мен Крунич жұбы Диана Шнайдер мен Мирра Андреева (Ресей) және Сара Эррани мен Жасмин Паолини (Италия) арасындағы кездесудің жеңімпаздарымен кездеседі.
Анна Данилина үшін бұл – «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші финал. Бұған дейін ол 2022 жылы Australian Open жарысында жұптық финалға дейін жетсе, 2023 жылы US Open турнирінде аралас жұптар арасында чемпион атанған болатын.
Франция ашық чемпионатының финалына дейін Данилина мен Крунич бірнеше мықты қарсыласты жеңіп шықты. Бірінші айналымда олар поляк Магда Линетт пен америкалық Бернарда Пераны 6:7, 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Екінші айналымда қытайлық Синью Янь мен тайваньдық У Фансяньді 6:4, 6:3 есебімен жеңді.
Үшінші кезеңде америкалық Эйжа Мухаммад пен нидерландтық Деми Схюрсті 6:4, 6:0 есебімен ойсырата ұтса, ширек финалда турнирдің бірінші нөмірлі жұбы — чех Катержина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсендті 7:5, 4:6, 6:2 есебімен жарыс жолынан шығарды.