Елена Рыбакина Берлинде Арина Соболенкодан жеңілді

Редактор
21.06.2025, 10:33

Отандасымыз турнирдің ширек финалында әлемнің бірінші ракеткасына есе жіберді

KTF

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 11-орын) Берлинде (Германия) өтіп жатқан турнирдің ширек финалында әлемнің бірінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.

Тартысты матч үш сетке созылып, Соболенконың жеңісімен аяқталды: 7:6, 3:6, 7:6. Осылайша, Рыбакина жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Ал Арина Соболенко жартылай финалға жолдама алып, чехиялық Маркета Вондроушовамен (WTA 164-орын) кездеседі. Чехиялық спортшы бұл кезеңге тунистік Онс Жаберді (61-орын) 6:4, 6:1 есебімен жеңіп шыққан.

Елена Рыбакина Берлин турнирінің ширек финалына жеткені үшін 24 950 еуро көлемінде жүлде және 108 рейтингтік ұпай алады.

Айта кетейік, биылғы Берлин турнирінің жалпы жүлде қоры — 925 661 еуро. Турнир жеңімпазы 142 610 еуро мен 500 рейтингтік ұпай иеленеді. Қазіргі чемпион - америкалық Джессика Пегула (3-орын), бірақ ол бұл жолы жарысты 1/8 финалда ресейлік Людмила Самсоноваға (20-орын) 6:7, 7:5, 6:7 есебімен жеңіліп аяқтады.