Матч небәрі 58 минутқа созылды
Қазақстандық теннисші Зарина Диас (WTA рейтингінде 275-орын) Испанияның Таусте қаласында өтіп жатқан ITF сериясындағы турнирдің финалына шықты.
Жартылай финалда Диас жапониялық Хироми Абэмен (WTA – 357-орын) кездесіп, екі сетте сенімді жеңіске жетті — 6:1, 6:2. Матч небәрі 58 минутқа созылды.
Финалда Зарина австралиялық Мелиса Эрджан (369-орын) мен италиялық Дилетта Керубинидің (446-орын) кездесуінің жеңімпазымен ойнайды.
Айта кетейік, өткен айда Зарина Диас Жапонияның Куруме қаласында өткен ITF турнирінде чемпион атанған болатын. Ал Португалияның Гимарайнш қаласында өткен жарыста 1/8 финалда жарыс жолынан шығып қалған еді.