Бейбіт Жұқаев Уимблдон турнирінің іріктеу кезеңінің финалына шықты

Редактор
25.06.2025, 22:05

Енді отандасымыз әлемнің 239-теннисшісімен кездеседі

ҰОК

Қазақстандық теннисші, әлемнің 251-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті өткізіп жатыр.

Ол бүгін екінші жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз  іріктеудің жартылай финалында әлемнің 137-ракеткасы, германиялық Янник Ханфманмен кездескен. Жұқаев екі сетте 7:6 (9:7), 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстандық енді іріктеу сайысының финалында әлемнің 239-теннисшісі франциялық Люка Павловичпен кездеседі. Егер қарсыласынан айласын асырып жатса, негізгі қатысушылардың қатарына қосыла алады.

Ал тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин (190-ракетка) рейтингіде өзінен төрт саты төмен тұрған даниялық Аугуст Хольмгренге жол берді - 6:4, 6:7 (4:7), 2:6.  Тимофей Скатов (рейтингте 212-орында) болса, әлемнің 144-ракеткасы, бельгиялық Александр Блоксқа есе жіберді - 4:6, 5:7.