Финалда жеңіле беретін қазақстандық спортшы Истбурнде топ жарды

Редактор
29.06.2025, 09:13

Қазақстандық спортшы бұл жолы чехиялық теннисші Мари Боузковамен жұптасып өнер көрсетті.

Фото: Kenta Harada/Getty Images

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Ұлыбританияның Истбурн қаласында өткен WTA 250 турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстандық спортшы бұл жолы чехиялық теннисші Мари Боузковамен жұптасып өнер көрсетті. Финалда олар аустралиялық Майя Джойнт пен Қытайлық Тайбэй өкілі Се Шувэйге қарсы кортқа шықты.

Финал барысы

Бірінші партияда Данилина — Боузкова дуэті сенімді бастама жасап, 2:0, кейін 4:2 есебімен алға шықты. Қарсыластар таразы басын теңестіргенімен, қазақстандық-чехиялық жұп шешуші брейк жасап, партияны 6:4 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Екінші сет те тартысты өтті. 1:1 кезінде Данилина — Боузкова брейк жасап алға шыққанымен, Джойнт — Шувэй есепті 2:2-ге жеткізді. Алайда 5:3 кезінде қарсыластар мүмкіндікті мүлт жіберіп, Данилина мен Боузкова 7:5 есебімен матчты аяқтап, жеңіске жетті.

Статистика

  • Матч ұзақтығы: 1 сағат 23 минут

  • Анна Данилина / Мари Боузкова: 3 эйс, 13 брейк-пойнттың 5-еуін іске асырды

  • Майя Джойнт / Се Шувэй: 2 эйс, 10 брейк-пойнттың 3-еуін жүзеге асырды

Алғашқы чемпиондық

Бұл — Анна Данилинаның Истбурн турниріндегі алғашқы чемпиондығы. Бұған дейін ол биылғы маусымда Ролан Гаррос, Лондон және Ноттингем жарыстарының финалисті атанған болатын. Уимблдон турнирі қарсаңында бұл жеңіс — қазақстандық теннисші үшін маңызды серпін болмақ.

Материалда: