Бұл жұп бұған дейін бірге ойнамаған.
Қазақстандық жас теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасындағы Уимблдон турнирінің жұптық сайысында келесі кезеңге жолдама алды.
Турнирдің бірінші айналымында Омарханов ресейлік әріптесі Егор Плешивцевпен жұп құрып, америкалық Матисс Фарзам / Гэвин Гуд дуэтін 6:3, 7:5 есебімен сенімді түрде жеңді. Кездесу 1 сағат 5 минутқа созылып, жас спортшылар үшін тарихи жеңіске айналды. Айта кетейік, бұл жұп бұған дейін бірге ойнамаған.
Келесі кезеңде Әмір мен Егор ресейлік Тимофей Дерепаско және италиялық Якопо Васами жұбына қарсы шығады. Бұл кездесу турнирдің екінші айналымында тартысты өтеді деп күтілуде.
Әмір Омарханов — Қазақстанның болашағынан үміт күттіретін жас теннисшілерінің бірі. Ол бұған дейін ITF сериясының бірнеше турнирінде жақсы нәтиже көрсетіп, рейтингте тұрақты түрде жоғарылап келеді.