Отандық спортшылар екінші айналымнан әрі аса алмады
Теннистен Аустралияның ашық біріншілігіне қатысқан қазақстандық теннисшілердің барлығы жарысты аяқтады. Олардың дені алғашқы айналымды сәтті бастағанымен, екінші айналымда қарсыластарына есе жіберіп алды.
Отандық теннисшілер жыл сайын дәстүрлі түрде Аустралияда өтетін сында биыл азды-көпті қаражатқа ие болды. Оның ішінде ең қомақты сома Елена Рыбакинаға тиесілі болса, тағы біраз бөлігі Александр Недовесовтің еншісінде.
Ерлер арасында Александр Недовесов 18 мың Аустралия долларына ие болды. Бұл біздің валютаға шаққанда 5,36 млн теңгені құрайды. Қазақстан теннисші бұл сында бір ғана ойын өткізіп, жұптық сында Экватор спортшысы Гонсало Эскобармен бірге 36 мың долларға қол жеткізген. Әрине, бұл ретте отандасымыз тиісті соманың жартысына иелік етеді.
Ал, Әйелдер арасында Анна Данилина 21 мың Аустралия долларын қалтасына басты. Бұл 6,38 млн теңге шамасына жетеғабыл. Жұптық сында ол словакиялық Виктория Грунчаковамен бірге алғашқы айналымда сүрінді. Сондай-ақ, Данилина аралас жұптық сында аргентиналық Андреас Мольтенимен бірге ойнап, сәтсіздікке душар болды.
Жұптық сында өнер көрсеткен теннисшілер Тимофей Скатов пен Денис Евсеев 9,3 млн теңгеге иелік етті. Олар іріктеу кезеңдерінің алғашқы ойынында сүрініп, жарыстан шет қалды.
Ақтау теннис мектебінің түлегі Бейбіт Жұқаев өз мансабында алғаш рет әлемдік ірі жарысқа қатысып, қомақты сомаға қол жеткізген жайы бар. Аустралияның ашық біріншілігіне қатысқан жалғыз қазақ теннисші 44,1 мың жергілікті долларды олжалады. Бұл 13 млн теңгеден асатын қаржыға пара-пар. 23 жастағы теннисші үшін құрғақ құрлық елінде өткен сын үлкен тәжірибе болары сөзсіз.
Ерлер арасында Александр Бублик 120 мың аустралия долларын қалтасына басты. Теңгемен шаққанда 35 млн теңге алған ол алда бұдан да қомақты сомаға қол жеткізетініне сеніміміз зор.
Әйелдер арасында Юлия Путинцева 138 мың аустралия долларына қол жеткізді (41,1 млн теңге). Турнирде үздіктер қатарында болған ол әлемнің 190-шы ракеткасынан ұтылып қалды.
Жанкүйерлер үшін тартысты ойынымен есте қалған Елена Рыбакина 180 мың аустралия долларын олжалады (53 млн теңге). Спортшы ресейлік Анна Блинковамен шеберлік байқасып, үшінші сеттің тай-брейкін тура 32 минут ойнап, 20:22 есебімен жол берді.
Биылғы Аустралия турнирі Қазақстан теннисшілері үшін келте болды. Спортшыларымыз бұл ашық біріншіліктен барлығын қоса есептегенде 600 мың долларға жуық қаржы алды.