Жарнама
Жарнама
Реклама
Реклама

Допинг дауы: Қазақстандық теннисші төрт жылға спорттан қуылды

Редактор
Бүгін, 10:22

Арсланбек Айтқұлов антидопинг ережелерін бұзған

ҚТФ

Қазақстандық теннисші Арсланбек Айтқұлов антидопинг ережелерін бұзғаны үшін төрт жылға жарыстардан шеттетілді.

Бұл туралы Халықаралық теннистегі адалдықты қамтамасыз ету агенттігі (ITIA) растады.

«Тәуелсіз трибунал Айтқұловтың 2024 жылдың қаңтарында алынған сынамасынан табылған екі тыйым салынған заттың кездейсоқ түскенін дәлелдей алмағанын анықтады», – делінген ресми хабарламада.

Айта кетейік, 2024 жылдың 14 наурызында ITIA спортшыға антидопинг ережелерін бұзу фактісі бойынша алдын ала хабарлама жіберген болатын.

Айтқұлов 2023 жылдың қарашасында мансабындағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, әлемдік рейтингтің жекелей сынында 1250-орынға көтерілген. 2024 жылдың қаңтарында ол Дохада өткен ITF турнирінде сынама тапсырды. Кейінгі сараптама барысында сынамалардан LGD-4033 және «Метилгексанамин» тәрізді тыйым салынған препараттар анықталды. Осыдан кейін қазақстандық теннисші уақытша жарыстардан шеттетілген еді.

2025 жылғы 30 маусымда өткен онлайн тыңдаудың қорытындысы бойынша тәуелсіз трибунал Айтқұловты төрт жылға дисквалификациялау туралы шешім қабылдады. Екі препараттың бір мезетте анықталуы Дүниежүзілік антидопинг кодексіне сәйкес бірінші ереже бұзушылық ретінде қаралады.

Агенттік түсіндіргендей, спортшының оң сынама берген турнирдегі нәтижелері, жүлдеақысы және рейтингілік ұпайлары күшін жояды. Сондай-ақ уақытша шеттетілуге дейін қатысқан барлық жарыстардағы көрсеткіштері жойылады.

Айтқұлов 2024 жылдың 23 наурызынан бастап уақытша шеттетілген. Бұл мерзім негізгі жазаның ішінде есептеледі. Нәтижесінде оның дисквалификациясы 2028 жылдың 22 наурызында аяқталады.

Дисквалификация кезеңінде спортшыға ATP, ITF, WTA, Tennis Australia, Fédération Française de Tennis, Wimbledon және USTA секілді ұйымдар мен ұлттық қауымдастықтар өткізетін барлық турнирлерге қатысуға, бапкерлік етуге және ресми іс-шараларға баруға тыйым салынады.

Реклама
Реклама
Реклама
Реклама

Материалда: