Рыбакина Қазақстан теннисі тарихында жекелей сында 10 титул иеленген тұңғыш спортшы атанды
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өткен беделді WTA-500 турнирінің финалында жеңіске жетіп, мансабындағы 10-титулын иеленді.Финалда әлемнің тоғызыншы ракеткасы Рыбакина ресейлік Екатерина Александровамен (әлемдік рейтингте 10-орын) кездесіп, тартысты ойында 3:6, 6:0, 6:2 есебімен басым түсті. Матч ұзақтығы 1 сағат 59 минутқа созылды.
Екеуі бұған дейін кортта төрт рет жолықса, оның үшеуінде Александрова жеңімпаз болған. Алайда бұл жолы Елена нағыз чемпиондық мінез көрсетіп, бірінші сеттегі сәтсіздіктен кейін ойынның тізгінін өз қолына алды.
Осылайша Рыбакина Қазақстан теннисі тарихында жекелей сында 10 титул иеленген тұңғыш спортшы атанды. Оның еншісінде бұған дейін екі WTA 1000 трофейі және әйгілі Уимблдондағы жеңісі бар.
Матчтан кейін Рыбакина эмоциясын жасыра алмады:
«Бұл мен үшін ерекше жеңіс. Әр титулдың өз тарихы бар, бірақ оныншысы – символдық мәнге ие. Азиядағы маусымдық кезеңді осылай аяқтағаныма қуаныштымын. Командама және Қазақстандағы жанкүйерлерге алғыс айтамын», - деді Рыбакина.