Токио турнирінің жүлде қоры – 1 064 510 доллар
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 7-орын) Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан WTA 500 сериясындағы турнирді сәтті бастады.
1/8 финалда Рыбакина Канада спортшысы Лейла Фернандеспен (22-орын) кездесіп, екі сетте сенімді түрде жеңіске жетті – 6:4, 6:3. Кездесу 1 сағат 28 минутқа созылды. Осылайша, Елена турнирдің ширек финалында өнер көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Енді оған қараша айының басында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтетін WTA финалдық турниріне жолдама алу үшін тағы бір жеңіс қажет.
Токио турнирінің жүлде қоры – 1 064 510 доллар. Ал жарыс жеңімпазы 164 мың доллар сыйақы мен 500 рейтингілік ұпай иеленеді. Айта кетейік, өткен аптада Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында, ал Лейла Фернандес Жапонияның Осака қаласында өткен турнирлерде чемпион атанған еді.