«Малмен мал болма»: журналист көшпенділер ойынына келген бай-бағландарға ескерту жасады (ВИДЕО)

Редактор
09.09.2024, 19:47

Қымбат көлікпен ипподромға дейін келген көрермендер жылқыларды үркіткен

Астана қалалық әкімдігі

Астанада бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтіп жатқаны белгілі. Екінші жарыс күнінде автокөліктің ипподромға жақын келуі салдарынан оқыс оқиға бола жаздады. Бұл туралы журналист Азамат Әбілқайыр өзінің TikTok-парақшасында мәлімдеген.

Оның айтуынша, елордадағы «Қазанат» атшабары қорасының жанына тұрақтаған Maybach автокөлігі жылқыларға дабыл дыбысын (сигнал – авт.) соққан. Дыбыстан үркіген жылқылар оқыс қимыл жасаған. Абырой болғанда, үстіндегі адамдары аман.

«Мал қорадан қазақтар мен қырғыздар және америкалықтар жылқыларын шығарып жатыр. Сол сәтте жанынан әппақ Maybach мінген «крутой» келеді де, сигнал береді малға. Анау жылқы үркіп жатыр. Үстіндегі адамы құлап майып болса, жылқы жаоақат алса не болады? Айналайын, малдың жанына келіп сигнал берме! Ауылдың адамы болсаң сен түсінер едің. Бірақ, сен түсінбейсің ғой. Маған жол беріңдер деген көкірегіңді мына жылқының қасында көрсетпе. Ол – мал, сені түсінбейді, адам болып сен оны түсінуің керек. Малмен мал болма», - деп мәлімдеді журналист.

Айта кетейік, бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанаты 8 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында өтті. Ұлттық ойындар жарысы 13 қыркүйекте мәресіне жетеді.